Биржада қандай бағалы қағаздар сатып алуға болады

Жаңалықтар

Биржада қандай бағалы қағаздар сатып алуға болады

АІХ-тің ресми тізімінде акциялар мен жаһандық депозитарлық қолхаттарды, облигацияларды, биржалық қорлар мен ноталарды қоса, 60-тан аса бағалы қағаз бар. Олардың 20-дан асасы бөлшек сауда инвесторлары үшін қолжетімді. АІХ-тің қаржылық  өнімдері туралы толығырақ мында.

Акциялар

Акция — акционерлік қоғам, басқаша айтқанда – эмитент компания шығаратын бағалы қағаз. Акцияларды сатып алған инвесторлардың барлығы компанияның ортақ иеленушісіне айналады. Акция оның иеленушісінің компанияда, мүлде аз болса да, үлесі бар екендігін растайды. Акцияларға иелік ету акционерлердің жиналысында дауыс беру және осы арқылы компанияны басқаруға қатысу құқығын (егер акция дауыс беруші болса); дивидендтер алу – компания пайдасының бір бөлігін алу құқығын (егер олар төленсе);  компания таратылған жағдайда оның мүлігінің бір бөлігін алу құқығын береді.

Акциялар: қарапайым (дивидендтерді әрқашан кепілдендірмейді) және артықшылықты (дивидендтердің алдын ала белгіленген мөлшері бар) болады.

Акциялар бойынша табысты олардың құнының өсуі есебінен алуға болады. Сіз акциялар сатып аласыз да, келешекте олардың бағасы өседі деп күтесіз. Сіз оларды сатқанда, табыс – акцияны сатып алған бағаңыз бен оны сатқан бағаңыздың арасындағы айырманы аласыз. Бірақ акциялардың арзандауы да мүмкін екендігін түсіну керек. Бағалы қағаздар нарығында кепілдіктер жоқ.

Облигациялар

Облигациялар — бұл іс жүзінде борыштық қолхаттар. Оларды эмитент- компания (немесе мемлекет) шығарады. Адамдар  облигацияларды сатып алады және осы арқылы өз ақшаларын, белгілі бір табыс алуға сеніп, осы компанияға қарызға береді. Бұл табыс төлемдерінің толық сомасы, мерзімдері мен мөлшері сатып алған кезде белгілі болады.  Өз пайдасын алдын ала бағалау мүмкіндігі – бұл облигацияның басқа бағалы қағаздардан  айырмашылығы.

Белгіленген мерзімде облигацияларды өтеу жүреді, яғни эмитент олардың иелеріне облигациялардың өздерінде көрсетілген номиналды құнды төлейді. Облигацияның иелері сонымен қатар бұл мерзімге дейін облигацияларды нарықта сатып жібере алады.

Инвестор үшін негізгі тәуекел – эмиент-компанияның банкрот болуы. Бұл жағдайда ол салған ақшасын жоғалтады: депозиттен айырмашылығы, олар салымдарды сақтандыру жүйесімен қорғалмаған.

ETF

ETF (Exchange Traded Funds) – бұл биржалық инвестициялық қорлар, олар белгілі бір қағидат бойынша іріктелген бағалы қағаздардың немесе басқа активтердің дайын портфелін ұсынады. Мысалы, бұл аса ірі америкалық компаниялардың акцияларының құнын көрсететін S&P 500 индексі немесе, мысалы, мыс, алтын немесе басқа шикізат өндірісінің бағасын көрсететін шикізат нарығының индексі болуы мүмкін.

Биржалық қорлар – шетелдік активтер есебінен өз инвестицияларын әртүрлі етудің жақсы тәсілі.

Биржалық инвестициялық қордан үлес сатып алып, сіз бір саланың және/немесе елдің әртүрлі компанияларының акцияларына ақша салып, тәуекелдерді әртараптандырасыз. Бұл акциялар ETF-та қандай пропорцияда сатылып алынса, олар сіздің портфеліңізде де сондай пропорцияда болады.

Бір ETF акциясы ондағы барлық компаниялардың барынша аз акциялар топтамаларымен салыстырғанда анағұрлым арзаныраққа түседі. Бөлек бағалы қағаздарды сатып алу, әдетте, ETF акцияларымен салыстырғанда, қымбатырақ. Бұдан басқа, бөлек-бөлек көптеген қағаздардан инвестициялық портфель жинап, сіз брокерлік комиссияларды көбірек төлеуіңізге тура келеді. Сізді қызықтыратын компанияларға инвестициялайтын ETF табу және барынша аз бюджет жұмсап, оны сатып алу әлдеқайда жеңіл.

Биржалық қорларға жұмсалым табыстылықтың кепілі болмайды. Мысалы, егер алтынның құны түссе, алтынға байланған ETF акцияларының бағасы да сол пропорцияда төмендейді. Егер қандай да бір жаһандық сілкіністерден барлық сектордың немесе тіпті бүкіл ел компанияларының акцияларының құны төмендесе, бұл акциялар кіретін ETF бағасы да төмендейді.

ETN

ETN түрлерінің бірі – ETN – Exchange Traded Notes болып табылады. ETN әрекетінің жалпы қағидаты да ETF-тікі сияқты; жалғыз айырмашылығы ETN-нің өтеу мерзімі бар және оның ішінде инвестор ETN құнын алады.

ETN туралы толығырақ мында